Европаны елес кезіп жүр, — бұл коммунизм елесі. Осы елесті ант берісіп қуғындау үшін ескі Европаның барлық күштері: папа мен патша, Меттерних пен Гизо, француз радикалдары мен неміс полицейлері бірікті.
Өкімет басында отырғап қарсыластары коммунистік партия деп атақ бермеген оппозициялық партия қайда бар? Оппозицияның неғұрлым алдыңғы қатарлы өкілдеріне де, өзінің реакцияшыл қарсыластарына да коммунизмге бой ұрдың деп, өзі де айып тағып, күйе жақпаған оппозициялық партия қайда бар?
Бұл фактіден екі қорытынды шығады.
Европаның барлық күштері қазірдің өзінде-ақ коммунизмді күш деп танып отыр.
Коммунистерге өздерінің қөзқарастарын, өздерінің мақсаттарын, өздерінің талаптарын бүкіл дүние жүзі алдында ашық айтып, коммунизмнің елесі туралы ертегіге партияның өзінің манифесін қарсы қоятын уақыт жетті.
Осы мақсатпен нағыз әртүрлі ұлттардың коммунистері Лондонға жиналып, ағылшын, француз, неміс, итальян, фламанд және дат тілдерінде жарияланып отырған төмендегі «Манифесті» жазды.
Ⅰ. Буржуалар мен пролетарлар
Осы күнге дейін өмір сүрген барлық қоғамдардың тарихы таптар күресінің тарихы болды.
Ерікті мен кұл, патриций мен плебей, помещик пен крепостной, шебер мен кіші шебер, қысқасы — езуші мен езілуші бірімен бірі мәңгілік антагонизмде болып, бірде жасырын, бірде ашық түрде үздіксіз кіресіп келді; бұл күрес әрқашан да бүкіл қоғам құрылысын революциялық жолмен қайта құрумен немесе күресуші таптардың жалпы жойылуымен тынып отырды.
Тарихтың өткен дәуірлеріне қарасақ, барлық жерде дерлік қоғамның толығымен түрлі сословиелерге бөлінгенін — әртүрлі қоғамдық жағдайлардың толып жатқан сатылары болғанын көреміз. Көне замандағы Римде патрицийлер, салт атты сарбаздар, плебейлер, құлдар болғанын көреміз; мұның үстіне бұл таптардың әрқайсысында дерлік тағы ерекше аралық жіктер болғанын көреміз.
Құрыған феодалдық қоғамның қойнауынан шыққан қазіргі замандағы буржуазиялық қоғам таптық қайшылықтарды жойған жоқ. Ол тек ескілерінің орнына жаңа таптарды, езудің жаңа жағдайларың және күрестің жаңа формаларын туғызды.
Алайда біздің заманымыздың, буржуазия заманының, айырмасы — ол таптық қайшылықтарды айқындады: қоғам бірден-бірге, біріне бірі жау екі үлкен лагерьге, біріне бірі қарама-қарсы тұрған екі үлкен тапқа — буржуазия мен пролетариатқа бөлініп келеді.
Орта ғасырлардың крепостнойларынан алғашқы қалалардың ерікті халықтары шықты; қала халқының бұл сословиесінен келіп буржуазияның алғашқы элементтері өсіп-өнді.
Американың ашылуы және Африканы айналатын теңіз жолының ашылуы өрлеп келе жатқан буржуазияның ісіне жаңа өріс ашып берді. Ост-Индия мен Қытай рыноктары, Американы отарлау, отарлармен айырбас жасау, айырбас құралдарының және жалпы товардың көбеюі сауданы, теңіз қатынасын, өнеркәсіпті бұған дейін болып көрмеген дәрежеде күшейтті, сөйтіп ыдырап бара жатқан феодалдық қоғамда революциялық элементтің дамуын тездетті.
Өнеркәсіптің бұрынғы феодалдық, немесе цехтық жолмен ұйымдастырылуы жаңа рыноктармен бірге өскен сұранымды енді қанағаттандыра алмады. Оның орнын мануфактура басты. Цех шеберлерін өнеркәсіптік орта сословие ығыстырып шығарды; түрлі корпорациялардың арасындағы еңбек бөлінісі жойылып, оның орнына жеке шеберхананың ішіндегі еңбек бөлінісі болды.
Бірақ рыноктар барған сайын өсе берді, сұраным арта берді. Бұл сұранымды енді мануфактура да қанағаттандыра алмайтын болып қалды. Сол кезде бу мен машина өнеркәсіпте революция жасады. Мануфактураның орнын осы заманғы ірі өнеркәсіп басты, өнеркәсіптік орта сословиенің орнын өнеркәсіпші миллионерлер, толып жатқан өнеркәсіп армияларының басшылары, осы заманғы буржуалар басты.
Ірі өнеркәсіп Американың ашылуы арқасында дайындалған бүкіл дүние жүзілік рынокты құрды. Бүкіл дүние жүзілік рынок сауданы, теңіз қатынасын, құрлықтағы қатынас құралдарын орасан дамытты. Мұның өзі айналын келгенде өнеркәсіптің кеңеюіне әсер етті, сөйтіп өнеркәсіп, сауда, теңіз қатынасы, темір жолдар қандай дәрежеде өссе, буржуазия да сондай дәрежеде өсті, ол әзінің капиталдарын көбейтті және орта ғасырлық заманнан қалған барлық таптарды соңғы қатарға ығыстырып шығарды.
Сөйтіп, біз осы заманғы буржуазияның өзі дамудың ұзақ процесінің, өндіріс пен айырбас әдісіндк болған бірқатар төңкерістердің жемісі екенін көреміз.
Буржуазия дамуының осы сатырларының әрқайсысы тиісті саяси табыстарға жетіп отырды. Феодалдардың үстемдігі тұсында езілген сословие, коммунада қаруланған және өзін өзі басқарушы ассоциация, мұнда — тәуелсіз қалалық республика, онда — монархияның алымсалық төлейтін үшінші сословиесі, одан кейін мануфактура дәуірінде, — сословиелік немесе абсолюттік монархияда дворяндарға қарама-қарсы шыққан, жалпы ірі монархиялардың бас тірегі болған сословие; ақарында ірі өнеркәсіп пен бүкіл дүние жүзілік рынок орнаған кезден бастап, буржуазия осы замандағы өкілдік мемлекетте ерекше саяси үстемдікті жеңіп алды. Осы заманғы мемлекеттік өкімет — бүкіл буржуазия табының жалпы істерін басқарып отыратын комитет қана.
Буржуазия тарихта орасан зор революциялық роль атқарды.
Буржуазия өзі үстемдікке жеткен жердің бәрінде де барлық феодалдық, патриархтық, идиллиялық қатынастарды қиратты. Ол адамды өзінің «табиғи әміршілеріне» манастырған қым-қиғаш феодалдық бұғауларды аяусыз үзіп, адамдар арасында жалаң мүддеден басқа, рақымсыз «ақшалай есептен» басқа ешқандай байланыс қалдырмады. Ол діни шабыттың, рыцарьлық жігердің, мещандық мүләйіымдылықтың қасиетті толқуын өзімшіл есепқорлықтың қытымырлығымен тұншықтырды. Ол адамның ададық қасиетін айырбас құнға айналдырды және сый ретінде берілген, игіліктен табылған сансыз көп бостандықтардың орнына тек жалғыз сауданың арсыз бостандығын ғана қойды. Ол, қысқасы, діни және саяси жалған үмітпен бүркелген қанаудың орнына ашық, ұятсыз, тіке, қатыгез қанауды туғызды.
Буржуазия бұл күнге дейін құрметті саналып келген және тағзыммен ардақталып келген түрлі қызметтердің бәрін қасиетті даңқынан айырды. Ол дәрігерді, юристі, священникті, ақынды, ғылым адамын өзінің ақылы жалдама қызметкерлеріне айналдырды.
Буржуазия семья қатынастарының нәзік сыпайыгершілік пердесін жұлып тастап, оларды таза ақша қатынастарына айналдырды.
Буржуазия реакционерлердің айызын қандырған орта ғасырлардағы тұрпайы күш жұмсаудың табиғи түрде жалқаулықпен, жатып ішерлікпен ұштасып жатқанын көрсетті. Ол адам баласының қызметі қандай табыстарға жеткізе алатынын бірінші рет көрсетті. Ол өнердің кереметтерін жасады, бірақ бұл Египет пирамидаларынан, Рим су құбырларынан, готика соборларынан мүлде басқаша кереметтер болды; ол халықтардың қоныс аударуынан, крест жорықтарынан мүлде басқаша жорықтар жасады.
Буржуазия өндіріс қүралдарында үнемі төңкерістер жасамайынша, олай болса өндірістік қатынастарды, демек, қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығын революцияшылдандырмайынша, өмір сүре алмайды. Мүның керісінше, бұрынғы барлық өнеркәсіптік таптардың өмір сүруінің бірінші шарты — өндірістің ескі әдісін өзгертпей сақтау еді. Өндірістегі дамылсыз төңкерістер, барлық қоғамдық қатынастардың үздіксіз шайқалуы, мәңгі сенімсіздік пен қозғалыс буржуазия заманын барлық өткен замандардан өзгеше етіп тұрады. Қатып қалған, тот басқан қатынастардың бәрі, өздеріне тән, ғасырлар бойы қасиеттелген көзқарастармен, түсініктермен бірге қирайды, жаңадан пайда болғандардың бәрі, буыны катып үлгірмей тұрып, ескіріп қалады. Сословиелік және қалыптасқан нәрселердің бәрі жоғалады, қасиетті нәрселердің бәрі былғанады, сөйтіп адамдар, ақырында, өздірінің тұрмыс күйлері мен өзара қатынастарына байыпты түрде қарау қажет екенін аңғарады.
Өнімдерді үнемі еселеп өткізу қажеттігі буржуазияны айдап, бүкіл жер шарын кездеріді. Ол барлық жерге еніп араласуға, барлық жерге орнығуға, барлық жерге байланыстар орнатуға тиісті болды.
Буржуазия дүние жүзінің рыногын пайдалану арқылы барлық елдердің өндірісі мен тұтынуын космополиттік етті. Ол реакционерлерді қатты қынжылтып, өнеркәсіпті ұлттық негізінен айырды. Өнеркәсіптің ежелгі ұлттық салалары құртылды және қүн санап құртылып келеді. Оларды өнеркәсіптің жаңа салалары ығыстырып шығарып отырады; бұл жаңа салаларды енгізу барлық цивилизациялы ұлттардың тіршілік мәселесіне айналады,—бұл жаңа салалар енді жергілікті шикізатты емес, жер шарының ең алыс аймақтарынан әкелінетін шикізатты өңдеп шығарады және белгілі бір елдің өз ішінде ғана емес, бүкіл әлемнің барлық бөліктерінде де тұтынылатын фабрикалық өнімдерді жасап шығарады. Елдің өз өнімдері өтеп тұрған бұрынғы қажеттіктің орнына жаңа қажеттік туады; мұны өтеу үшін ең алыс елдердің, ауа райы нағыз әртүрлі жерлердің өнімдері керек болады. Бұрынғы ескі жергілікті, ұлттық томаға-тұйықтықтың орнына және өзі өндірген өнімнің есебінен күн көрудің орнына ұлттар бір-бірімен барлық жағынан байланыс жасап, барлық жағыпан бір-біріне тәуелді болып отырады. Мұның өзі материалдық өндіріске де, рухани өндіріске де бірдей дәрежеде қатысты. Жеке ұлттардың рухани ісінің жемістері барша жұрттың игілігіне айналады. ¥лттық сыңаржақтық пен шектелушілік бірден-бірге мүмкін болмайтын болады, сөйтіп толып жатқап ұлттық және жергілікті әдебиеттерден бүкіл дүние жүзілік бір әдебиет құралады.
Буржуазия барлық өндіріс құралдарын тез жетілдіріп, қатынас құралдарын үздіксіз оңайлатып, барлық ұлттарды, тіпті ең варвар ұлттарды да, цивилизацияға тартады. Буржуазияның товар бағасының арзандығы — оның ауыр артиллериясы; ол осы артиллерия арқылы барлық қытай қорғандарын қиратады және варварлардың шетелдіктерге деген өте күшті өшпенділігін де жеңөді. Ол барлық ұлттарға құрып кету қаупін туғызып, буржуазиялық өндіріс әдісін еріксіз қолдандырады, оларды өздерінде цивилизация дегенді енгізуге, яғни буржуа болуға мәжбүр етеді. Қысқасы, буржуазия әлемді өз үлгісімен, өзіне ұқсас етіп жасайды.
Буржуазия деревняны қаланың үстемдігіне бағындырды. Ол үлкен қалалар салды, село халқымен салыстырғанда қала халқының санын өте-мөте көбейтті, сөйтіп халықтың едәуір белегін деревня тұрмысының меңіреулігінен құтқарды. Ол деревняны қалаға тәуелді еткеніндей, варвар, жартылай варвар елдері цивилизациялы елдерге, шаруа халықтарды буржуазиялық халықтарға, Шығысты Батысқа тәуелді етті.
Буржуазия өндіріс құрал-жабдықтарының, меншіктің, халықтың бытыраңқылығын бірден-бірге жоюда. Ол халықты жиілетті, өндіріс құрал-жабдықтарын орталықтандырды, меншікті азғана адамның қолына жинап шоғырландырды. Мұның қажетті салдары саяси орталықтау болды. Бар болғаны дерлік тек одақтастық байланысы бар, мүдделері, заңдары, үкіметтері, баж салығы түрліше болған тәуелсіз облыстар бір ұлт болып бірікті, үкіметі де біреу болды, заңы да біреу болды, ұлттық тап мүддесі де біреу болды, баж шегі де біреу болды.
Буржуазия өзінің жүз жылға жетпейтін таптық үстемдігі тұсында одан бұрынғы барлық өткен ұрпақтар туғызған өндіргіш күштерден гөрі өте көп, өте зор өндіргіш күштер туғызды. Табиғат күштерін бағындыру, машиналы өндіріс, өнеркәсіп пен егіншілікте химияны қолдану, кемеқатынасы, темір жолдар, электр телеграф, дүниенің байтақ алқаптарын егіншілік үшін игеру, өзендерді кеме жүретін ету, бейне бір жер астынан шыққандай болып көп халықтың пайда болуы,— қоғамдық еңбектің қойнауында осындай өндіргіш күштердің сыңсып жатқанын өткен ғасырлардың қайсысы сезіп еді!
Сонымен, біз буржуазияның құралуына негіз болған өндіріс пен айырбас құрал-жабдықтарының феодалдық қоғамда жасалғанын көрдік. Осы өндіріс пен айырбас құрал-жабдықтары дамуының белгілі бір сатысында феодалдық қоғамның өндірісі мен айырбасы жүзеге асқан қатынастар, егіншілік пен өнеркәсіптің феодалдық түрде үйымдастырылуы, қысқасы, феодалдық меншік қатынастары енді дамыған ондіргіш күштерге сәйкеспейтін болып қалды. Ол қатынастар өндірісті дамытудың орнына оған кедергі жасады. Олар өндірістің бұгауыиа айналды. Оларды қирату қажет болды, олар қиратылды да.
Олардың орнын озіне сай қоғамдық және саяси құрылысы бар, буржуазия табының экономикалық және саяси үстемдігі бар еркін бәсеке басты.
Нақ осындай қозғалыс көз алдымызда өтіп жатыр. Буржуазиялық өндіріс және айырбас қатынастары бар, буржуазиялық меншік қатынастары бар, бейне бір сиқырмен жасағандай өндіріс пен айырбастың соншама құдіретті құралдарын жасаған осы заманғы буржуазиялық қоғам сарнап шақырып алған жындарына ие бола алмай отырған сиқыршыға ұқсайды. Міне, бірнеше ондаған жылдардан бері өнеркәсіп пен сауданың тарихы қазіргі заманғы өндіргіш күштердің қазіргі заманғы өндірістік қатынастарға қарсы, буржуазияның және оның үстемдігінің өмір сүру шарты болып отырған меншік қатынастарына қарсы наразылығының тарихы ғана болып келеді. Бұл жөнінде дүркін-дүркін қайталап, бүкіл буржуазиялық қоғамның өмір сүруіне бірден-бір зор қауіп туғызып отырған сауда дағдарыстарын көрсетудің өзі жеткілікті. Сауда дағдарыстары кезінде әрдайым, дайын тұрған өнімдердің ғана емес, тіпті бұрын жасалған өндіргіш күштердің де едәуірі құртылады. Дағдарыстар кезінде барлық өткен замандарда өрескел нәрсе болып көрінетін қоғамдық дерт — артық өндіру дерті қаптайды. Қоғам қапелімде пайда болған варвар күйіне кенет кері қайтады, аштық, жаппай қырғын соғыс қоғамды барлық тіршілік заттарынан айырған сияқты болады; өнеркәсіп, сауда құртылған сияқтанады — мұның себебі не? Себебі — қоғам өте цивилизациялы болып кеткен, оның тіршілік заттары өте көп болып кеткен, оның өнеркәсібі мен саудасы өте көп болып кеткен. Оның қолындағы өндіргіш күштер енді буржуазиялық меншік қатынастарының дамуына қызмет етпейді; қайта өндіргіш күштер бұл қатынастар үшін тым зор болып кеткен, олардың дамуына буржуазиялық қатынастар кедергі жасайды; ал өндіргіш күштер бұл кедергілерді жоя бастаған кезде олар бүкіл буржуазиялық қоғамды ірітеді, буржуазиялық меншіктің өмір сүруіне қауіп туғызады. Буржуазиялық қатынастар өзі жасаған байлықты сыйғыза алмайтындай өте тар болып қалды.— Буржуазия дағдарыстарды қандай жолмен жеңеді? Бір жағынан, толып жатқан өндіргіш күштерді амалсыздан құрту арқылы, екінші жағынан, жаңа рыноктар жаулап алу, ескі рыноктарды барынша сарқа пайдалану арқылы жеңеді. Сөйтіп, қалай жеңеді? Неғұрлым әр тарапты, апатты дағдарыстар дайындау, оларға қарсы қолданылатын құраддарды азайту арқылы жеңеді.
Буржуазияның феодализмді құлатқандағы қаруы енді буржуазияның өзіне қарсы жұмсалады.
Бірақ буржуазия өзін өлтіретін қару жасап қана қойған жоқ; ол әрі сол қаруды буржуазияға қарсы жұмсайтып адамдарды — осы заманғы жұмысшыларды, пролетарларды туғызды.
Буржуазия, яғни капитал, қандай дәрежеде дамыса, осы заманғы жұмысшылар табы — пролетариат та сондай дәрежеде дамиды; ол жұмысшылар тек жұмыс тауып тұрғанда ғана өмір сүре алады, ал жұмысты өздерінің еңбегі капиталды көбейтіп тұрғанда ғана таба алады. Өздерін амалсыздан жекелеп сататын бұл жұмысшылар, әрбір басқа сауда заттары сияқты, өздері де товар болып табылады сондықтан бәсекенің барлық кездейсоқтықтары, рыноктың барлық толқулары оларға да зардабын тигізеді.
Машиналардың қолданылуы мен еңбек бөлінісінің өсе түсуі себепті пролетарлардың еңбегі дербестік сипатының бәрінен айрылды, сонымен бірге еңбектің жүмысшылар үшін ешбір қызығы да қалмады. Жұмысшы машинаның жай шылауына айнала бастады, одан талап етілетін нәрсе ең қарапаным, ең бір сарынды, өте оңай игерілетін тәсілдерді ғана білу болды. Сондықтан жұмысшыға шығатын шығын тек күн керуіне, ұрпағын сақтауына қажетті тіршілік заттарына ғана дерлік саяды. Ал әрбір товардың, демек, еңбектің де, бағасы оны өндіру шығынына тең. Сондықтан еңбектің қызығы қаншалық дәрежеде азайса, жалақы да соншалық дәрежеде азая береді. Ол ол ма: машиналардың қолданылуы мен еңбек бөлінісі қаншалық дәрежеде өссе, еңбектің мөлшері де соншалық дәрежеде өсе береді, өскенде не жұмыс сағаттарының көбеюі есебінен, не әрбір белгілі уақыт ішінде керек болатын еңбектің мөлшөрі көбейгендіктен, машинаның жүрісі тездегендіктен, тағы сол сияқты себептерден өседі.
Қазіргі заманғы өнеркәсіп патриархтық шебердің кішкентай шеберханасын өнеркәсіп капиталисінің ірі фабрикасына айналдырды. Фабрикаға ұйлығып жиналған жұмысшылар бұқарасы солдатша ұйымдастырылады. Өнеркәсіп армиясының жай солдаттары сияқты олар унтер-офицерлер мен офицерлердің бутін бір иерархиясының бақылауында болады. Олар буржуазия табының, буржуазиялық, мемлекеттің ғана құлдары емес; оларды күн сайын, сағат сайын мапшна, бақылаушы, ең алдымен әрбір буржуа-фабриканттың өзі құл етіп отырады. Түпкі мақсаты баю екені неғұрлым ашық жарияланған сайын бұл деспотия соғұрлым қазымыр, жексұрын бола береді, соғұрлым қатаңдай түседі.
Қол еңбегіне өнер мен күш неғұрлым аз керек болған сайын, яғни осы заманғы өнеркәсіп неғұрлым дамыған сайын еркектердің еңбегін әйелдер мен балалардың еңбегі соғұрлым ығыстырып шығарып отырады. Жұмысшы табына келгенде жыныс пен жас жөніндегі айырмалар барлық қоғамдық мәнін жояды. Жасы мен жынысына қарай түрлі шығындар керек қылатын тек жұмыс аспаптары ғана қалады.
Фабрикант жұмысшыны қанап, жұмысшы ақырында жалақысын ақшалай алғаннан кейін ол жұмысшыға буржуазияның басқа топтары — үй иесі, дүкенші, өсімқор, т. с. тарпа бас салады.
Орта сословиенің төменгі топтары: ұсақ өнеркәсіпшілер, ұсақ саудагерлер мен рантьелер, қолөнершілер мен шаруалар — осы таптардың бәрі пролетариаттың қатарына барып қосыла береді, оның бір себебі — олардың азғантай капиталы ірі өнеркәсіп орындарын жүргізуге жеткіліксіз, сондықтан да, олар негұрлым ірі капиталистердің бәсекесіне төтеп бере алмайды, екінші себебі — олардың кәсіптік шеберлігі өндірістің жаңа әдістері енгізілгендіктен құнсыз болып қалады. Сөйтіп халықтың барлық таптарынан пролетариат осылайша қүрылады.
Пролетариат дамудың түрлі сатыларынан отеді. Оның буржуазияға қарсы күресі өзінің өмір сүруімен бірге басталады.
Әуелі жеке жұмысшылар күреседі, одан соң бір фабриканың жұмысшылары күреседі, бұдан кейін белгілі бір жердегі еңбектің бір саласының жұмысшылары өздерін тікелей қанап отырған жеке буржуаға қарсы күреседі. Жұмысшылар буржуазиялық өндірістік қатынастарға ғана соққы беріп қоймай, өндіріс құралдарының өздеріне де соққы береді; олар шетелдердің бәсеке жасаушы товарларын қүртады, машиналарды қиратады, фабрикаларды өртейді, орта ғасыр жұмысшысының айрылған бұрынгы күйін күшпен қайта орнатпақ болады.
Бұл сатыда жұмысшылар бүкіл елге тараған, бәсекенің кесірінен бытыраған бұқараны құрайды. Ол кездегі жұмысшылар бүқарасының топтасуы әзірше олардың өз бетімен бірігуінің нәтижесі емес, буржуазияның бірігуінің нәтижесі ғана болады; буржуазия озінің саяси мақсаттарына жету үшін бүкіл пролетариатты қозғалысқа келтіруго тиісті болады, әзірше келтіре алады да. Олай болса, бұл сатыда пролетарлар өздерінің жауларына қарсы емес, жауларының жауларына қарсы — абсолюттік монархияның қалдықтарына, жер иелеріне, өнеркәсіптен тыс буржуаға, ұсақ буржуаға қарсы күреседі. Сөйтіп бүкіл тарихи қозғалыс буржуазияның қолына шоғырланады; мұндай жағдайларда қол жеткен әрбір жеңіс буржуазияның жеңісі болып табылады.
Бірақ өнеркәсіп дами келе пролетариат тек сапы жағынан ғана өсіп қоймайды; ол көп тол болып жиылады, оның күші арта береді, ол өзінің күшін барған сайын айқын сезетін болады. Машиналар еңбектің жеке түрлері арасындағы айырмаларды бірден-бірге жойып, барлық жерде дерлік жалақыны бірдей дәрежеде тегіс төмендеткен сайын пролетариаттың мүдделері мен тұрмыс жағдайлары бірден-бірге теңеле береді. Буржуалардың күшейе түскен өзара бәсекесінің және бұдан туатын сауда дағдарыстарының салдарынан жұмысшылардың жалақысы барған сайын тұрақсыз бола береді; машиналардың барған санын тез дамып, үздіксіз жетіле беруі пролетарлардың тұрмыс күйін барған сайын нашарлата береді; жеке жұмысшы мен жеке буржуаның шайқасуына бірден-бірге екі таптың шайқасуына айнала береді. Жұмысшылар буржуаларға қарсы коалиция құрудан бастайды; олар өздерінің жалақыларын қорғау үшін бірігіп қимыл жасайды. Шайқасу бола қалған күнде өздерін қаражатпен қамтамасыз ету үшін олар түрақты ассоциациялар да құрады. Кей жерлерде күрес ашық кетерілістерге айналады.
Жұмысшылар оқтын-оқтын жеңеді, бірақ бұл жеңістер — тек өткінші жеңістөр ғана. Олардың күресінің шын нәтижесі қолма-қол табыс емес, жұмысшылардың барған сайын кең өріс алған біріге түсуі болады. Ірі өнеркәсіп туғызған, түрлі жерлердегі жұмысшылардың арасында байланыс орнататын қатынас құралдарының барған сайын өсуі жұмысшылардың бірігуіне себеп болады. Тек осындай байланыс болғанда ғана барлық жерлердегі сипаты бір күрестің толып жатқан жергілікті көздерін орталықтандырып, оларды біртұтас ұлттық, таптық күрес етіп біріктіруге болады. Ал тап күресі атаулының бәрі — саяси күрес. Сөйтіп, село арасындағы сүрлеу жолдары ғана болған орта ғасырлардың қала халқына бірігуі үшін жүздеген жылдар керек болса, қазіргі заманғы пролетарлар, темір жолдардың арқасында, аздаған жылдың ішінде-ақ біріге алады.
Пролетарлардың мұндай тап болып, осы арқылы саяси партия болып ұйымдасуын жұмысшылардың өз арасындағы бәсеке минут сайын қайтадан бұзып отырады. Бірақ ол ұйым қайта-қайта құрыла береді, әрдайым бұрынғысынан әлдірек, берігірек, күштірек болып шығады. Ол ұйым буржуазияның жеке топтары арасындағы алакөздікті пайдаланып, жұмысшылардың кейбір мүдделерін заң арқылы дұрыс деп таныттырады. Мысалы Англиядағы он сағаттық жұмыс күні туралы заң.
Тегінде ескі қоғам ішіндегі қақтығыстар пролетариаттың даму процесіне көп реттерде себепші болады. Буржуазия үздіксіз күрес жүргізеді; әуелі аристократияға қарсы күреседі, кейінірек буржуазияның өз ішіндегі, мүдделері өнеркәсіп прогресіне қайшы келетін топтарға қарсы күреседі және әрдайым барлық шетел буржуазиясына қарсы күреседі. Барлық осы тартыстарда буржуазия амалсыздан пролетариатқа қол артады, оны жәрдемге шақырады, сөйтіп оны саяси қозғалысқа осылайша қатыстырады. Олай болса, буржуазияның өзі пролетариатқа оз білімінің элементтерін ауыстырады, яғни буржуазияның өзіне қарсы қолданылатын қару береді.
Одан әрі, жоғарыда көргеніміздей, өнеркәсіптің прогресі үстем таптың толып жатқан топтарын пролетариаттың қатарына апарып қосады немесе, ең болмағанда, бұл топтардың тұрмыс жағдайларын қауіпке ұшыратады. Бұл топар да пролетариатқа білімнің элементтерін көптеп ала келеді.
Ақырында, тап күресі шешілуге жақындаған дәуірлерде үстем таптың ішіндегі, бүкіл ескі қоғам ішіндегі ыдырау процесінің өте-мөте күшті, өте-мөте айқын сипат алатындығы сонша, үстем таптың бір азғантай бөлімі өз табынан безіп, революцияшыл тапқа, болашаққа ие болатын тапқа қосылады. Сондықтан да, дворяндардың бір бөлегінің бір кезде буржуазияға ауғаны сияқты, қазір буржуазияның бір бөлегі, атап айтқанда — тарихи қозғалыстың бүкіл барысын теориялық жағынан түсіну дәрежесіне жеткен буржуа — идеологтардың бір бөлегі пролетариатқа ауып отыр.
Қазірде буржуазияға қарсы тұрған барлық таптардың ішінде тек пролетариат қана шын мәнісіндегі революцияшыл тап болып табылады. Өзге таптардың бәрі ірі өнеркәсіп дамыған сайын азып, құри береді, ал пролетариат — осы өнеркәсіптің өз жемісі.
Орта сословиелер: ұсақ өнеркәсіпші, ұсақ саудагер, көленерші мен шаруа — бұлардың бәрі орта сословиелер ретінде өздерінің өмірін күйреуден сақтап қалу үшін буржуазияға қарсы күреседі. Олай болса олар революцияшыл емес, консерватившіл. Ол ол ма, олар реакцияшыл: олар тарихтың тегершігін кері айналдыруға ұмтылады. Олар революцияшыл болған күнде, ақыры пролетариаттың қатарына кіретін болғандықтан ғана, өздерінің қазіргі емес, болашақтағы мүдделерін қорғайтын болғандықтан ғана, пролетариаттың кезқарасында болу үшін өздерінің көзқарасынан безетін болғандықтан ғана револгоцияшыл.
Люмпен-пролетариат, ескі қоғамның ең төмен топтарының іріп-шіруінің осы жасық туындысы, кей жерлерде пролетарлық революция арқылы қозғалысқа тартылады, бірақ өзінің бүкіл тұрмыс күйіне қарай ол реакцияшыл әрекет істеушілерге сатылып кетуге анағүрлым бейім болады.
Пролетариаттың тұрмыс жағдайларында ескі қоғамның тұрмыс жағдайлары осы күннің өзінде-ақ құртылған. Пролетардың меншігі жоқ; оның әйелі мен балаларына көзқарасы буржуазияның семьяға көзқарасынан енді бүтіндей басқа; Англияда да, Францияда да, Америкада да, Герма-нияда да бірдей болып отырған осы заманғы өнеркәсіптік еңбек, осы заманғы капитал езгісі пролетардың бүкіл ұлттық сипатын жойып жіберді. Заң, мораль, дін,— пролетариат үшін осының бәрі — буржуазияның мүдделерін бүркен тұрған буржуазиялық соқыр сенімдер ғана.
Бұрынғы таптардың бәрі, өздерінің үстемдігін жеңіп алғаннан кейін, қазірдің өзінде өздерінің қолы жеткен тұрмыстағы жайын баянды етуге ұмтылған; олар бүкіл қоғамды өздерінің иемдену әдісін қамтамасыз ететін жағдайларға бағындырған. Ал пролетарлар өздерінің қазіргі иемдену әдісін, мұнымен бірге бұған дейін болып келген барлық иемдену әдістерін де түгелдей құртқан уақытта ғана, қоғамдық өндіргіш күштерді озіне қарата алады. Пролетарлардың өзінде қорғауды керек ететін еш нәрсе жоқ; олар осы күнге дейін жеке меншікті қорғап, қамтамасыз етіп келгендердің бәрін қиратуға тиіс.
Бұл күнге дейін болған қозғалыстардың бәрі азшылықтың қозғалысы еді немесе азшылықтың мүдделері үшін жасалған қозғалыстар еді. Пролетарлық қозғалыс — орасан зор көпшіліктің дербес қозғалысы, сол көпшіліктің мүдделерін көздейтін қозғалыс. Қазіргі заманғы қоғамның ең төменгі тобы болып отырған пролетариат ресми қоғамды құрушы топтардың пролетариатты басып отырған қондырмасының бәрінің күлін көкке ұшырмай түрып, көтеріле алмайды, бойын жаза алмайды.
Пролетариаттың буржуазияға қарсы күресі, мазмұны жағынан болмаса да, формасы жағынан әуелі ұлттық күрес болады. Әрбір елдің пролетариаты, әрине, алдымен өз елінің буржуазиясын құртуға тиіс.
Пролетариаттың дамуының неғұрлым жалпы кезеңдерін суреттей келіп, біз өмір сүріп отырған қоғам ішіндегі азды-көпті бүркемелі түрдегі азамат соғысын шолып өттік,— бұл соғыс ашық революцияға айналатын, сөйтіп пролетариат буржуазияны күшпен құлату арқылы өз үстемдігін орнататын пунктке дейін шолып өттік.
Бұл күнге дейін өмір сүрген барлық қоғамдар, жоғарыда көргеніміздей, езуші таптар мен езілуші таптар арасындағы антагонизмге негізделіп келді. Бірақ қандай да бір тапты езуге мүмкіншілік болуы үшін ол тапты, ең болмағанда, өзінің құлдық тіршілігімен күнелте алғандай жағдайлармен қамтамасыз ету керек. Ұсақ буржуаның феодалдық абсолютизм бұғауында жүріп буржуаның күйіне жеткені сияқты, крепостной крепостнойлық халде жүріп коммуна мүшесінің күйіне жетті. Мұның керісінше, қазіргі заманғы жұмысшы өнеркәсіптің прогресімен қатар жоғарыламайды, қайта бірден-бірге өз табының тіршілік жағдайларының қалпынан да төмендей береді. Жұмысшы пауперге айналады, сөйтіп пауперизм халықтың өсуінен де, байлықтың өсуінен де тез өседі. Бұдан айқын көрінетіні — буржуазия бұдан әрі қоғамның үстем табы болып қала алмайды және өз табының тіршілік жағдайларын бүкіл қоғамға тәртіптеуші заң ретінде таңа алмайды. Буржуазия үстемдік жасай алмайды, өйткені ол өз қүлының құлдық дәрежеде тіршілік етуін де қамтамасыз ете алмайды, өйткені буржуазия құлдың тұрмыс күйін лажсыз төмендететіні сонша, құлдың еңбегімен өзі тамақ асыраудың орнына оны өзі асырайтын болады. Қоғам бұдан әрі буржуазияға бағынып тұра алмайды, яғни буржуазияның тұрмысы бұдан әрі қоғаммен сыйыса алмайды.
Буржуазия табының өмір сүруі мен үстемдігінің негізгі шарты — байлықтың жеке адамдар қолына жиналуы, капиталдың құралып, көбеюі. Капиталдың өмір сүруінің шарты — жалдама еңбек. Жалдама еңбек жұмысшылардың өзара бәсекесіне ғана негізделеді. Өнеркәсіптің прогресі жұмысшыларды бәсеке арқылы бытыратудың орнына ассоциациялар құрумен оларды революцияшыл етіп біріктіреді; бұл прогреске буржуазия лажсыз себепші болады, оған қарсы тұруға буржуазияның шамасы келмейді. Сөйтіп, ірі өнеркәсіптің дамуымен бірге буржуазия өзінің өнімдерін өндіріп, оны иемденіп отырған негізінің өзінен айрылады. Буржуазия алдымен өзінің көрін қазушыларды туғызады. Буржуазияның құритыны да, пролетариаттың жеңетіні де сөзсіз.
Ⅱ. Пролетарлар мен коммунистер
Коммунистердің жалпы пролетарлармен аралары қандай?
Коммунистер басқа жұмысшы партияларына қарамақарсы тұрған ерекше партия емес.
Олардың тұтас алғанда бүкіл пролетариаттың мүдделеріпен бөлек ешбір мүдделері жоқ.
Олар ешбір орекше принциптер қойып, пролетарлық қозғалысты сол принциптерге бейімдегісі келмейді.
Коммунистердің басқа пролетарлық партиялардан жалғыз-ақ айырмасы — бір жағынан, түрлі ұлттар пролетарларының күресінде олар бүкіл пролетариаттың ұлтқа байланыссыз ортақ мүдделерін баса көрсетіп, соларды қорғайды; екінші жағынан, пролетариаттың буржуазияга қарсы күресі отетін дамудың түрлі сатыларында олар әрдайым бүкіл қозғалыстың мүдделерін көздейді.
Олай болса, коммунистер практика жүзінде барлық елдердің жұмысшы партияларының әрдайым ілгері басуға кұлшындырып отыратын ең батыл бөлігі болып табылады, ал теория жөнінен олардың пролетариаттың басқа бүқарасынан артықшылығы — олар пролетарлық қозғалыстың жағдайларын, барысын, жалпы нәтижелерін түсіне біледі.
Коммунистердің ең таяудағы мақсаты басқа пролетарлық партиялардың бәрінің мақсатымен бірдей: пролетариаттың тап болып құралуы, буржуазия үстемдігінің құлатылуы, пролетариаттың саяси өкіметті жеңіп алуы.
Коммунистердің теориялық қағидалары дүниені жаңартушылардың қандайының болса да ойдан шығарған немесе тапқан идеяларына, принциптеріне ешбір негізделмейді.
Бұл теориялық қағидалар — болып жатқан тап күресінің шын қатынастарының жалпы көрінісі ғана, көз алдымызда болып жатқан тарихи қозғалыстың көрінісі ғана. Бұрыннан болып келген меншік қатынастарын құрту — тек коммунизмге ғана тән нәрсе емес.
Меншік қатынастарының бәрі тарихта әрдайым ауысып келген, тарихта әрдайым өзгеріп келген.
Мәселен, француз революциясы феодалдық меншікті жойып, оның орнына буржуазиялық меншікті орнатты.
Коммунизмнің өзгеше белгісі меншік атаулыны жою емес, буржуазиялық меншікті жою.
Бірақ қазіргі заманғы буржуазиялық жеке меншік — таптық антагонизмдерге, біреуді біреудің қанауына негізделген өнім өндіру мен өнім иемденудің сөңғы, ең толық бейнесі.
Осы мағынада алғанда коммунистер өздерінің теориясын: жеке меншікті құрту деген бір-ақ қағидамен айта алады.
Біздерді, коммунистерді, кінәлап: сендер меншікті, әркім өзі тапқан, өз еңбегімен тапқан меншікті, жеке адам-ның қандай да болсын бостандығының, ісінің, дербестігінің негізі болып отырған меншікті құртқыларың келеді — деседі.
Жұмыс істеп, игілікті іс етіп, әркім өз еңбегімен тапқан меншік! Буржуазиялық меншіктің алдында болған ұсақ буржуазиялық, ұсақ шаруалық меншік туралы айтып отырсыздар ма? Бізге оны құртудың қажеті жоқ, өнеркәсіптің дамуы оны құртқан және күн сайын құртып жатыр.
Немесе, мүмкін, сіздер қазіргі заманғы буржуазиялық жеке меншікті айтатын шығарсыздар?
Бірақ жалдама еңбек, пролетардың еңбегі, пролетарға меншік жасай ма? Еш уақытта жасамайды. Ол капитал жасайды, яғни жалдама еңбекті қанайтын меншік жасайды, жалдама еңбекті қайтадан қанау үшін өзі жаңа жалдама еңбек туғызған жағдайда ғана көбейе алатын меншік жасайды. Қазіргі замандағы түрінде меншік капитал мен жалдама еңбектің арасындағы қарама-қарсылықта ілгері басуда. Осы қарама-қарсылықтың екі жағын да талдап көрелік.
Капиталист болу — өндірісте тек өз басыңдық қана орын алып қоймай, қоғамдық та орын алу деген сөз. Капитал — коллективтік өнім, ол қоғамның көп мүшелерінің бірлескен ісімен ғана, ал сайын келгенде — қоғамның барлық мүшелерінің бірлескен ісімен ғана жүргізіле алады.
Сөйтіп, капитал — жеке адамдық күш емес, қоғамдық күш.
Олай болса, капитал қоғамның барлық мүшелеріне тиесілі коллективтік меншікке айналдырылса, онда мұның өзі жеке меншікті қоғамдық меншікке айналдырғандық болмайды. Тек меншіктің қоғамдық сипаты ғана өзгереді. Меншік өзінің таптық сипатынан айрылады.
Енді жалдама еңбекке келейік.
Жалдама еңбектің орта бағасы — жалақының минимумы, яғни жұмысшының, жұмысшы есебінде, өмірін сақтауға керекті тіршілік заттарының жиынтығы. Олай болса, жалдама жұмысшының өз қызметінің нәтижесінде иемденгені оның өмірін сақтауға әрең жетеді. Тікелей өмірін сақтау үшін ғана керекті, басқа біреудің еңбегіне өкім жүргізерліктей ешбір артық нәрсе қалдырмайтын еңбек өнімдерін жеке адамның иемденуін біз әсте құртпақ емеспіз. Біз бұл иемденудің тек қана жексұрын сипатын, жұмысшыға капиталды көбейту үшін ғана өмір сүруге және үстем таптың мүдделерінің керек етуіне қарай ғана өмір сүруге мүмкіндік беретін сипатын құртпақпыз.
Буржуазиялық қоғамда тірі еңбек — қорланған еңбекті көбейте берудің құралы ғана. Коммунистік қоғамда қорланған еңбек — жумысшылардың тіршілік процесін ұлғайтудың, байытудың, жеңілдетудің құралы ғана.
Сөйтіп, буржуазиялық қоғамда өткендегі қазіргіге, коммунистік қоғамда қазіргі өткендегіге үстемдік жасайды. Буржуазиялық қоғамда капиталдың дербестік, жекелік сипаты бар, ал еңбекші индивидуумының дербестік, жекелік сипаты жоқ.
Міне, осы қатынастарды құртуды буржуазия адамдық пен бостандықты жою деп атайды! Мұнысы дұрыс. Шынында әңгіме буржуазиялық адамдықты, буржуазиялық дербестікті, буржуазиялық бостандықты жою туралы болып отыр.
Казіргі буржуазиялық өндірістік қатынастар шеңберінде алғанда, жұрт бостандық деп сауда бостандығын, сатып алу мен сату бостандығын түсінеді.
Бірақ саудагерлік жойылса, еркін саудагерлік те жойылады. Біздің буржуалардың бостандық туралы лепірген сөздерінін бәрі сияқты, еркін саудагерлік туралы сездердің де, жалпы алғанда, ықтиярсыз саудагерлік жөнінде ғана, орта ғасырлардын құлдыққа түскен қала адамдары жөнінде ғана манызы бар, ал саудагерлікті, буржуазиялық өндірістік қатынастарды және буржуазияның өзін коммунистік жолмен құрту жөнінде бұл сөздердің ешбір маңызы жоқ.
Сіздер біздін жеке меншікті құртқымыз келетіндігінен зәрелеріңіз ұшады. Бірақ сіздердің бұл күнгі қоғамыңызда, сол қоғамның мүшелерінің оннан тоғызының жеке меншігі құртылған: жеке меншік өмір сүрсе — осы адамдардың оннан тоғызында меншік жоқ болғандықтан ғана өмір сүріп отыр. Олай болса, сіздер өзіне қажетті шарт ретінде қоғамның орасан көпшілігінің меншігі болмауын көздейтін меншікті құртқымыз келгені үшін бізді кінәлайсыздар.
Қысқасы, сіздер бізді өздеріңіздің меншіктерінізді құртқымыз келгені үшін кінәлайсыздар. Ие, біз шынында да соны істегіміз келеді.
Еңбекті капиталға, ақшаға, жер рентасына, қысқасы — монополиялауға болатын қоғамдық күшке ендігәрі айналдыруға болмайтын кезден бастап, яғни жеке адам меншігі ендігәрі буржуазиялық меншікке айнала алмайтын болған кезден бастап,— осы кезден бастап, сіздердің айтуларыңызша, жеке адамдық құртылмақ.
Олай болса, сіздер жеке адам деп басқа ешкімді емес, тек буржуаны, яғни буржуазиялық жеке меншікшіні ғана санайтындарыңызды өздеріңіз мойыпдап отырсыздар. Ондай жеке адамдық шынында да құртылуға тиіс.
Коммунизм ешкімнің қоғамдық өнімдерді иемдену мүмкіншілігін жоймайды, ол тек осы иемдену арқылы басқаның еңбегін құлдыққа салу мүмкіншілігін жояды.
Жеке меншік құртылумен бірге қандай әрекет болса да тоқталып, жалпылама жалқаулық орын тебеді деп те қарсы дау айтылды.
Бұлай болғанда, буржуазиялық қоғам жалқаулықтың салдарынан әлдеқашан құрыған болар еді, өйткені бұл қоғамда еңбек ететіндер еш нәрсе иемденбейді, ал иемденетіндер еңбек етпейді. Бұл қауіптенушіліктің бәрі — бұдан былай капитал болмаса, жалдама еңбек те болмайды деген құр мылжыңға апарып соғады.
Материалдық өнімдерді иемдену мен өндірудің коммунистік әдісіне қарсы айтылған барлық пікірлер ой еңбегінің өнімдерін иемдену мен өндіру жөнінде де айтылады. Таптық меншікті құрту буржуаға өндірістің өзін құрту болып көрінетіні сияқты, таптық оқу-білімді құрту да оған жалпы оқу-білім атаулыны құртумен бірдей болып көрінеді.
Буржуаның құриды деп зар илеп жүрген оқу-білімі қалың көпшілікті машинаның шылауына айналдыратын оқу-білім болып табылады.
Бірақ бізбен дауласқанда, буржуазиялық меншікті жоюды өздеріңіздің бостандық, оқу-білім, право, т. т. туралы буржуазиялық ұғымдарыңыздың тұрғысынан бағалап дауласпаңыздар. Сіздердің праволарыңыз — өз таптарыңыздың заңға айналдырылған еркі ғана, мазмұны өз таптарыңыздың материалдық тұрмыс жағдайларына қарай белгіленетін еркі ғана; нақ сол сияқты, сіздердің идеяларыңыздың өзі — буржуазиялық өндірістік қатынастар мен буржуазиялық меншік қатынастарының жемісі.
Өздеріңіздің өндірістік қатынастарыңыз бен меншік қатынастарыңызды өндірістің даму процесінде өтіп кететін тарихи қатынастардан табиғат пен ақыл-ойдың мәңгілік заңдарына айналдыруға мәжбүр етіп отырған өзімшілдік ұғымдарыңыз сіздерге де, бұрын үстемдік етіп келіп, құрыған таптардың бәріне де ортақ нәрсе. Көне замандағы немесе феодалдық замандағы меншік жонінде өздеріңізге түсінікті болған нәрсені сіздер буржуазиялық меншік туралы сөз болғанда түсінгілеріңіз келмейді.
Семьяны құрту! Коммунистердің бұл сорақы ниетіне ең барып тұрған радикалдар да қатты шамданады.
Осы заманғы буржуазиялық семья не нәрсеге негізделген? Капиталға, жеке адамның олжа табуына негізделген. Мұндай семья толық дамыған түрінде тек буржуазияда ғана бар; ал пролетарлардың амалсыздан семьясыз жүруі және әшкере жезөкшелік осы семьяға қосымша болады.
Бұл қосымшаның жойылуымеп бірге буржуазиялық семья да табиғи түрде жойылады, ал мұның екеуі де капиталдың жоғалуымен бірге қарасы өшеді.
Әлде бізді — ата-аналардың өз балаларын қанауын тиғыларың келеді деп кінәлайсыздар ма? Біз мұндай қылмысты мойнымызға аламыз.
Бірақ сіздер бізге — үй тәрбиесін қоғам тәрбиесімен өзгертіп, адамның ең қымбат арақатынастарын құртқыларың келеді дейсіздер.
Ал сіздердің тәрбиелеріңізді қоғам белгілемей ме? Сіздердің тәрбиелеріңізді өздеріңіз тәрбие жүргізіп өтырған қоғамдық қатынастарыңыз белгілемей ме, мектеп, т. т. арқылы тікелей немесе жанамалай араласып, қоғам белгілеп отырмай ма? Коммунистер қоғамның тәрбиеге жасайтын ықпалын ойдан шығармайды; олар тек қана тәрбиенің сипатын өзгертеді, оны үстем таптың ықпалынан шығарып алады.
Ірі өнеркәсіптің дамуы арқасында пролетариат арасында семья дәнекерлерінің бәрі неғұрлым бұзылған сайын, балалар жай бір сауда заттарына, жұмыс аспаптарына айналған сайын семья мен тәрбие туралы, ата-аналар мен балалардың арасындағы мейірімділік қатынастар туралы буржуазиялық лепірме сөздер соғұрлым жиренішті бола береді.
Бірақ сендер, коммунистер, әйел ортақтығын енгізгілерің келеді,— деп бізге бүкіл буржуазия болып шулайды.
Буржуа өзінің әйеліне жай бір өндіріс құралы деп қарайды. Буржуа өндіріс құралы жалпы жұрттың ортақ пайдалануына беріледі дегенді есітеді де, әйелдердің басына да сол күн туады деген ойдан, әрине, безе алмайды.
Қайта, әңгіме әйелдерді жай бір өндіріс құралы болып табылатын күйден құтқару туралы болып отырғанын буржуа тіпті сезбейді де.
Айта кетелік, біздің буржуалардың коммунистерде әйелдер бейне бір ресми ортақ болады екен деген жөнінде адамгершілігі ұстап, үрейленуінен күлкілі нәрсе жоқ. Коммунистерге әйел ортақтығын енгізудің қажеті жоқ, ол әр уақытта дерлік болып келді.
Ресми жезөкшелікті әңгіме қылмағанның өзінде, өз жұмысшыларының әйелдері мен қыздары буржуалардың ықтиярында болғанына місе тұтпай, біздің буржуалар бірінің әйелін бірі азғыруда айрықша ләззат бар деп біледі.
Буржуазиялық неке шынында да әйел ортақтығы болып табылады. Екіжүзді-бүркемелі түрдегі әйел ортақтығының орнына ресми, ашық түрдегі әйел ортақтығын орнатқысы келеді екен, деп коммунистерді айыптаса бір сәрі болар еді. Бірақ осы күнгі өндірістік қатынастардың құртылуымен бірге олардан туатын әйел ортақтығының да, яғни ресми және ресми емес жезөкшеліктің де құртылатыны өзінен-өзі белгілі ғой.
Онан соң, коммунистер — отанды, ұлтты жоймақ екен деп те оларды кінәлап жүр.
Жұмысшылардың отаны жоқ. Оларда жоқ нәрсені олардан тартып алу мүмкін емес. Пролетариат алдымен саяси үстемдікті жеңіп алуға, ұлттық тап жағдайына дейін көтерілуге, ұлт болып құралуға тиісті болғандықтан, ол өзі әзірше ұлттық болады, алайда оның ұлттық болуы әсте де буржуазия түсінетін мағынада емес.
Буржуазияның дамуына, сауда бостандығына, бүкіл дүние жүзілік рынокқа, өнеркәсіп ендірісінің және оған сәйкес тұрмыс жағдайларының біркелкілігіне байланысты халықтардың ұлттық даралығы және қарама-қарсылықтары қазірдің өзінде-ақ бірден-бірге жоғалып келеді.
Пролетариаттың үстемдігі олардың жоғалуын бұдан да гөрі жылдамдатады. Бірігіп күш салу, ең болмағанда цивилизациялы елдердің бірігіп күш салуы — пролетариаттың азаттық алуының ең бірінші шарттарының бірі.
Бір индивидуумды екінші индивидуумның қанауы қаңдай дәрежеде құртылса, бір ұлтты екінші ұлттың қанауы да сондай дәрежеде құртылады.
¥лттар ішіндегі таптар антагонизмі жойылумен бірге ұлттардың бір-біріне жау болуы да жойылады.
Дін, философия және жалпы идеология тұрғысынан коммунизмге тағылып жүрген айыптарды толық қарап жатудың ке(ө)регі де жоқ.
Адамдардың тұрмыс жағдайларының, олардың қоғамдық қатынастарының, олардың қоғамдық болмысының өзгеруімен бірге олардың түсініктері, көзқарастары, ұғымдары, қысқасы — олардың санасы да өзгеретінін түсіну үшін ерекше терең ойлылық керек пе екен?
Идеялар тарихы материалдық өндіріспен бірге рухани өндірістің де өзгеріп отыратынын дәлелдемегенде нені дәлелдеп отыр? Қай уақыттың болса да үстем идеялары әрдайым тек үстем таптың ғана идеялары болған.
Бүкіл қоғамды революцияшылдандыратын идеялар туралы сөз қылады; бұдан ескі қоғамның ішінде жаңа қоғамның элементтері пайда болғандығы, ескі тұрмыс жағдайларының ыдырауымен қатар ескі идеялардың да ыдырап бара жатқандығы жөніндегі факт қана көрінеді.
Ертедегі дүние құруға бет алғанда, ерте замандағы діндерді христиан діні жеңген болатын. Христиан идеялары XVIII ғасырда ағартушы идеялардың соққысынан құрып бара жатқан уақытта, феодалдық қоғам сол кездегі революцияшыл буржуазиямен жанталасып арпалысқан болатын. Ар-ұждан, дін бостандығы идеялары білім саласында еркін бәсеке үстемдігінің ғана бейнесі болды.
«Бірақ»,— дер бізге — «діндік, моральдық, философиялық, саяси, праволық идеялар, т. т., әрине, тарихи дамудың барысында өзгеріп отырды. Ал дін, адамгершілік, философия, саясат, право осы үздіксіз өзгерістің ішінде әрдайым сақталып келді.
Оның үстіне, бостандық, әділдік, т. т. сияқты қоғамдық дамудың барлық сатыларына ортақ мәңгілік ақиқаттар бар. Ал коммунизм мәңгілік ақиқаттарды жояды, ол дінді, адамгершілікті жаңартудың орнына оларды жояды; олай болса, ол тарихи дамудың бүкіл бұрынғы барысына қайшы келеді».
Бұл айыптаудың аяғы неге соқпақ? Бұл күнге дейін өмір сүріп келген барлық қоғамдардың тарихы әр заманда әртүрлі болып қалыптасқан таптық қарама-қарсылықтардың ішінде дамып келді.
Бірақ бұл қарама-қарсылықтар қандай формада болса да, қоғамның бір бөлегін екінші бөлегінің қанауы — барлық өткеп ғасырларға ортақ факт. Сондықтан, таңданатыны жоқ, барлық ғасырлардағы қоғамдық сана, өзінің алуан-алуан, турлі-түрлі болуының бәріне қарамастан, белгілі бір жалпы формада, сананың таптар қарама-қарсылығы әбден жоғалғаннан кейін ғана толық жоғалатын формасында өсіп келеді.
Коммунистік революция дегеніміз өткен заманнан мұра болып келген меншік қатынастарынан ең батыл түрде ажырасу; өзінің даму барысында коммунистік революцияның өткен заманнан мұра болып келген идеялардан ең батыл түрде ажырасатындығы таңданарлық нәрсе емес.
Алайда буржуазияның коммунизмге қарсы дауын қоя тұралық.
Жоғарыда біз мынаны көрдік: жұмысшы революциясындағы алғашқы адым — пролетариатты үстем тапқа айналдыру, демократияны жеңіп алу болып табылады.
Пролетариат өзінің саяси үстемдігін буржуазиядан барлық капиталды бірте-бірте тартып алу үшін, барлық өндіріс құралдарын мемлекеттің, яғни үстем тап болып ұйымдасқан пролетариаттың қолына орталықтандыру үшін және барлық өндіргіш күштерді мүмкіндігінше тезірек көбейту үшін пайдаланады.
Бұл, әрине, әуелі меншік правосына және буржуазиялық өндірістік қатынастарға бұзып-жара қол сұғу арқылы ғана жүзеге асады, яғни экономика жағынан жеткіліксіз, әлсіз болып көрінсе де, қозғалыстың барысында өздерінен өздері асып түсетін, бүкіл өндіріс әдісінде төңкеріс жасайтын құрал есебінде сөзсіз керегі болатын шаралар арқылы ғана жүзеге асады.
Бұл шаралар, әрине, әр елде әртүрлі болады.
Алайда неғұрлым алдыңғы қатарлы елдердің бәріндо дерлік төмендегі шараларды қолдануға болады:
-
Жер меншігін экспроприациялау және жер рентасын мемлекет шығындарын өтеуге жұмсау.
-
Көп мөлшерде үдемелі салық салу.
-
Мұрагерлік правосын жою.
-
Барлық эмигранттар мен бүлікшілердің мүліктерін конфискелеу.
-
Мемлекеттік капиталы мен ерекше монополиясы бар ұлттық банк арқылы кредитті мемлекет қолына орталықтандыру.
-
Бүкіл транспортты мемлекет қолына орталықтандыру.
-
Мемлекеттік фабрикаларды, өндіріс қүралдарын көбейту, жалпы жоспар бойынша жердің сапасын арттырып, егіске қолайлы ету.
-
Еңбекті жұрттың бәріне бірдей міндетті ету, өнеркәсіптік армиялар құру, әсіресе егіншілік үшін құру.
-
Егіншілікті өнеркәсіппен ұштастыру, қала мен деревня арасындағы айырмашылықты бірте-бірте жоюға көмектесу.
-
Барлық балаларға қоғамдық және тегін тәрбие берү. Балалардың осы заманғы формада фабрикаларда еңбек етуін жою. Тәрбиені материалдық өндіріепен ұштастыру, т. т.
Даму барысында таптық айырмашылықтар жойылып, бүкіл өндіріс индивидтер ассоциациясының қолына жиналған кезде ресми өкімет өзінің саяси сипатын жоғалтады. Сөздің шын мағынасында алғанда саяси өкімет дегеніміз бір таптың екінші тапты жаншуы үшін ұйымдасқан зорлық. Егер пролетариат буржуазияға қарсы күресте қалай да тап болып біріксе, егер ол революция арқылы өзін үстем тапқа айналдырса және үстем тап ретінде ескі өндірістік қатынастарды күшпен жойса, онда ол осы өндірістік қатынастармен бірге таптық қарама-қарсылықтың болу жағдайларын жояды, жалпы тап атаулыны жояды, сөйтіп өзінің тап ретіндегі үстемдігін де жояды.
Таптары және таптық қарама-қарсылықтары бар ескі буржуазиялық қоғамның орнына әрбір адамның еркін дамуы барлық жұрттың еркін дамуының шарты болып табылатын ассоциация келеді.
Ⅲ. Социалистік және коммунистік әдебиет
1. Реакциялық социализм
а) Феодалдық социализм<
Француз және ағылшын аристократиясы, өздерінің тарихи жағдайына қарай, осы заманғы буржуазиялық қоғамға қарсы памфлеттор жазуға тиісті болған. Француздыц 1830 жылғы июль революциясында және парламенттік реформаны жақтаған ағылшын қозғалысында жексұрын ұрыншақ тағы да бір рет аристократияны жеңіліске ұшыратты. Бұдан кейін елеулі саяси күрес туралы сөз қылу да мүмкін емес еді. Аристократияға тек әдеби күрес қана қалды. Бірақ әдебиет саласында да Реставрация уақытындағы ескі сөздерді пайдалану енді мүмкін болмай қалды. Жұртты өзіне тілектес етіп алу үшін аристократия енді өз мүдделерін ойламайтын сияқты болып, қаналушы жұмысшы табының мүдделері үшін ғана буржуазияға қарсы өзінің айыптау актісін жасайтын сияқты болып көрінуге тиіс болды. Ол өзінің жаңа әміршісіне пасквиль жазумен және оның құлағына азды-көпті үрейлі сәуегейлікті айтып сыбырлаумен қанағаттанды.
Осылайша феодалдық социализм шықты: мұның өзі жартылай жоқтау зары да, жартылай пасквиль,— жартылай өткен заманның жаңғырығы да, жартылай болашақтың қаупі; кейде ол буржуазияны ащы күйдіргі, өткір сөзімен дәл жүректен түйрейді, бірақ ол осы заманғы тарихтың барысын тіпті де түсіне алмайтындығын көрсетіп, әрдайым күлкі болады.
Аристократия халықты өздеріне ерту үшін пролетариаттың қайыршылық дорбасын ту етіп көтерді. Бірақ аристократияның соңына ергенде халық әрдайым оның боксесіндегі ескі феодалдық таңбаны көріп мазақтап, қарққарқ күліп, бет-бетіне тарап кетті.
Француз легитимистерінің бірқатары мен «Жас Англия осы комедиямен шұғылданып көрді.
Егерде феодалдар өздерінің қанау әдісін буржуазиялық қанаудан басқаша деп дәлелдесе, онда олар тек өздерінің бүтіндей басқаша, қазірде күні өткен жай-жағдайлар тұсында қанағанын ұмытқаны. Егер олар өздерінің үстемдігі тұсында қазіргі заманғы пролетариаттың болмағанын айтса, онда олар дәл қазіргі заманғы буржуазия олардың коғамдық құрылысының қажетті жемісі болғанын ұмытқаны.
Дегенмен, олар өз сындарының реакцияшылдық сипатын пәлендей жасыра қоймайтындығы сонша, олардың буржуазияға қоятын жалғыз-ақ басты кінәсы: буржуазияның үстемдігі тұсында бүкіл ескі қоғамдық тәртіптің күлін көкке ұшыратын тап өсіп келеді, дейді.
Олар буржуазияны кінәлағанда, оның жалпы пролетариатты туғызғанынан гөрі революцияшыл пролетариатты туғызғаны үшін көбірек кінәлайды.
Сондықтан саяси практикада олар жұмысшы табына қарсы істелетін барлық зорлық шараларға қатысады, ал күнбе-күнгі өмірде өздерінің барлық көпірме сөздеріне қайшы келіп, реті келген сайын алтын алмалар жинайды және адалдығын, махаббатын, ар-ожданын қой жүнімен, қызылшамен, арақпен сауда істеуден түскен пайдаға айырбастайды».
Поптың әрдайым феодалмен қол ұстасып бірге жүргеніндей, поптық социализм де феодалдык социализммен кол ұстасып бірге жүреді.
Христиандық аскетизмге социалистік рең беруден оңай нәрсе жоқ. Христиандар да жеке меншікке, некеге, мемлекетке қарсы аттанбап па еді? Олар мұның орнына қайырымдылық пен қайыршылықты, некесіздік пен нәпсі тыюды, монастырь түрмысы мен шіркеуді уағыздамап па еді? Христиандық социализм — аристократтың ашуын басқанда поптың бүркетін қасиетті суы ғана.
b) ¥сак буржуазиялық социализм
Буржуазия құлатқан тап, осы заманғы буржуазиялық қоғамда тұрмыс жағдайлары нашарлап, кұрып бара жатқан тап жалғыз феодалдық аристократия ғана емес. Орта ғасырлардағы қала халқының сословиесі мен ұсақ шаруалар сословиесі осы заманғы буржуазияның алдында болып өткен сословиелер еді. Өнеркәсіп пен сауда жағынан кемірек дамыған елдерде бұл тап дамып келе жатқан буржуазиямен қатар әлі күнге ілініп-салынып келеді.
Осы заманғы цивилизация дамыған елдерде пролетариат пен буржуазияның арасында ауытқып отыратын жаңа ұсақ буржуазия құрылды және оның өзі буржуазиялык қоғамның қосымша бөлігі есебінде әрдайым жаңадан құрылып отырады. Бірақ бәсеке бұл таптың адамдарын үнемі пролетариаттың қатарына түсіріп отырады, сондықтан олар ірі өнеркәсіп дами келе өздерінің осы заманғы қоғамның дербес бір бөлігі ретінде мүлде жоғалатын уақытының, сөйтіп саудада, өнеркәсіпте, егіншілікте өздерінің орнын бақылаушылар мен жалдама қызметшілер басатын уақыттың жақындағанын қазірдің өзінде-ақ көре бастады.
Бүкіл халқының жартысынан әлдеқайда көбі шаруалар болып отырған Франция сияқты елдерде пролетариатты жақтап, буржуазияға қарсы шыққанда буржуазиялық құрылысты ұсақ буржуазиялық, ұсақ шаруалық үлгімен сынаған, жұмысшылардың мүддесін ұсақ буржуазиялық тұрғыдан қорғаған жазушылардың шығуы табиғи нәрсе. ¥сақ буржуазиялық социализм осылай туды. Францияда ғана емес, Англияда да мұндай әдебиетке бас болған Сисмонди болды.
Бұл социализм осы заманғы өндірістік қатынастардағы қайшылықтарды тамаша аңғара білді. Ол экономистердің екі жүзді апологетикасын әшкереледі. Ол машиналы өндіріс пен еңбек бөлінісінің бүлдірушілік әрекетін, капитал мен жер иемденудің шоғырлануын, асыра өндірушілікті, дағдарыстарды, ұсақ буржуалар мен шаруалардың сөзсіз құритынын, пролетариаттың қайыршылыққа ұшырауын, өндіріс анархиясын, байлық үлесудегі өрескел теңсіздікті, ұлттар арасындағы өнеркәсіп жөнінен қырғын қырқысуды, ескі ғұрыптардың, ескі семья қатынастарының, ескі ұлттардың ыдырауын талассыз дәлелдеді.
Бірақ өзінің негізгі мазмұны жағынан алғанда бұл социализм не ескі өндіріс пен айырбас құралдарын, сонымен бірге ескі меншік қатынастары мен ескі қоғамды қайта орнатуға ұмтылады, не осы заманғы өндіріс пен айырбас құралдарын ескі меншік қатынастарының, солардың өздері қиратқан, қиратылуға тиісті болған қатынастардың шеңберіне қайтадан күштеп сыйғызуға ұмтылады. Осы екі жағдайдың екеуінде де бұл социализм әрі реакцияшыл, әрі утопияшыл.
Өнеркәсіпті цехтық жолмен ұйымдастыру және ауыл шаруашылығын патриархтық ету — оның айналып келгенде тапқаны, міне, осы.
Өзінің бұдан кейінгі дамуында бұл бағыт қорқақтық мазасыз күңкілге айналды.
с) Немістік, немесе «ақиқат», социализм
Үстем буржуазияның езгісінде туған және осы үстедікке қарсы күрестің әдеби бейнесі болып табылатын Францияның социалистік және коммунистік әдебиеті Германияга апарылғанда оның буржуазиясы өзінің феодалдық абсолютизмге қарсы күресін жаңа ғана бастаған кезде апарылды.
Неміс философтары, жартылай философтары және сұлу сөзді сүйетіндері бұл әдебиетке ынтыға жармасты, бірақ олар Франциядан Германияға бұл шығармалардың апарылуымен қатар ол жаққа француздың тұрмыс жағдайларының апарылмағандығын ұмытты. Неміс жағдайларында француз әдебиеті тікелей практикалық маңызының бәрін жоғалтып, таза әдеби ағым түріне түсті. Ол әдебиет адамдық қасиетті жүзеге асыру туралы қол боста данасыну сипатын алуға тиісті болды. Мәселен, бірінші француз революциясы қойған талаптардың ⅩⅧ ғасырдағы неміс философтары үшін жалпы «практикалық ақыл» талаптары сияқты ғана мағынасы болды, ал революцияшыл француз буржуазиясы еркінің көріністері оларға таза еріктің, болуға тиісті еріктің, ақиқат адамдық еріктің заңдары есебінде ғана маңызы болды.
Неміс әдебиетшілерінің бүкіл жұмысы жаңа француз идеяларын өздерінің ескі философиялық арымен жарастыру ғана болды, немесе, дұрысырақ айтқанда, француз идеяларын өздерінің философиялық тұрғысынан ұғыну ғана болды.
Мұны ұғу бөтен тілді ұғудың жалпы жолымен, аударма жолымен болды.
Жұртқа мәлім, ертедегі пұтқа табынушылық заманның классикалық шығармалары жазылған қолжазбалар тексінің басына монахтар католик әулиелерінің қисынсыз өмірбаяндарын жазатын. Неміс әдебиетшілері француздың күнәлы әдебиетіне нақ керісінше істеді. Французша түпнұсқасының аяғына олар өздерінің философиялық шатпақтарын жазды. Мәселен, ақша қатынастары жөніндегі француз сынының аяғына олар «адамдық қасиетті жою» деп жазды, буржуазиялық мемлекет жөніндегі француз сынының аяғына олар «Абстракті-Баршаға ортақтың үстемдігін жою» деп жазды, т. т.
Француз теорияларына өздерінің осындай философиялық жел сөздерін қыстыруды олар «қимыл философиясы», «ақиқат социализм», «социализмнің немістік ғылымы», «социализмді философиялық тұрғыдан негіздеу», т. т. дел атады.
Сөйтіп француздың социалистік-коммунистік әдебиетінің құр сүлдесі қалдырылды. Немістің қолында ол әдебиет бір таптың екінші тапқа қарсы күресін көрсетуден қалды, сондықтан неміс: «француз сыңаржақтығынан» гөрі жоғары көтерілдім, ақиқат керектердің орнына ақиқаттың керектігін қорғап отырмын, ал пролетариат мүдделерінің орнына адамдық қасиет мүдделерін, жалпы адамның, ешбір тапқа жатпайтын, тегінде шын өмірде емес, философиялық қиялдың бұлдыр әлемінде өмір сүретін адамның мүдделерін қорғап отырмын деп сенді.
Өзінің дәрменсіз шәкірттік жаттығуларын соншама көрнекті, маңызды деп білген және ол туралы даурығып жар салған осы неміс социализмі аз-аздап өзінің педанттық бейкүнәлылығынан айрылды.
Неміс буржуазиясының, әсіресе пруссиялық буржуазияның, феодалдар мен абсолюттік монархияға қарсы күресі,— қысқасы либералдық қозғалыс — бірден-бірге күшейе берді.
Сөйтіп «ақиқат» социализмнің саяси қозғалысқа социалистік талаптарды қарсы қоюына, либерализмді, өкілдік мемлекетті, буржуазиялық бәсекені, буржуазиялық баспасөз бостандығын, буржуазиялық правоны, буржуазиялық бостандық пен теңдікті қаралап, дәстүр бойынша оларға бәддұға оқуына, бұл буржуазиялық қозғалыстан еш нәрсе ұта алмайсың, қайта барыңды жоғалтуың мүмкін деп халық бұқарасына уағыздауына қолайлы жағдай туды. Француз сынының мардымсыз жаңғырығы болған неміс социализмі ол сынның осы заманғы буржуазиялық қоғамның өзіне сәйкес материалдық тұрмыс жағдайлары мен тиісті саяси конституциясы болуын көздегенін, яғни Германияда жеңіп алу керектігі туралы жаңа ғана сөз болып отырған барлық алғы шарттардың болуын көздегенін дер кезінде ұмытты.
Поптардан, мектеп тәрбиешілерінен, кертартпа юнкерлерден, бюрократтардан құралған нөкерлері бар немістің абсолюттік үкіметтеріне бұл социализм қауіпті түрде төніп келе жатқан буржуазияға қарсы жұмсайтын қолайлы құбыжық болды.
Ол социализм сол үкіметтер тарапынан неміс жұмысшыларының көтерілістерін басуға қолданылған қамшының, мылтық оғының азабына дәмді қосымша болды.
Сөйтіп «ақиқат» социализм үкіметтердің неміс буржуазиясына қарсы жұмсайтын қаруы болса, ол реакциялық мүдделерді, неміс мещандарының мүдделерін тікелей де қорғап отырды. Германияда өмір сүріп отырған тәртіптің шын қоғамдық негізі — ⅩⅥ ғасырдан мирас болып қалған және содан бері әртүрлі формада үнемі жаңадан шығып отырған ұсақ буржуазия.
¥сақ буржуазияны сақтау Германияда өмір сүріп отырған тәртіпті сақтаумен тең. Бір жағынан, капиталдың шоғырлануы себепті, екінші жағынан, революцияшыл пролетариаттың өсуі себепті ұсақ буржуазия буржуазияның өнеркәсіп пен саясатта үстемдік алуынан қорқып, енді сөзсіз құримын деп зәресі ұшады. Оған «ақиқат» социализм бір оқпен екі қоянды бірдей өлтіретін болып көрінді. Сөйтіп «ақиқат» социализм жұқпалы дерттей жайылды.
Ойдан құрастырылып өрмекшінің торындай болып тоқылған, сұлу сөздің әсем өрнегімен безелген, көңіл-елжірететін көз жасына бұланған бұл мистикалық перде осы жұрттың арасына неміс социалистерінің товарын өткізуді ғана күшейтті; бұл пердемен олар өздерінің мағынасыз бір-екі «мәңгі ақиқаттарын» бүркеді.
Өз тарапынан, неміс социализмі өзінің осы мещандардың лепірме сөзуар өкілі болуға тиісті екендігін бірден-бір түсіне берді.
Ол социализм неміс ұлтын үлгілі ұлт, ал неміс мещанын үлгілі адам деп жариялады. Мещанның әрбір пасықтығына ол нағыз, барып тұрған социалистік мағына берді, сол пасықтықты оған мүлде қарама-қарсы бір нәрсе етіп көрсететін мағына берді. Ақырына дейін дәйекті бұл социализм коммунизмнің «дөрекі-бүлдіргіш» бағытына ашықтан-ашық қарсы шықты және мен өзім ұлы әділдігім арқасында қандай тап күресінен болса да жоғары тұрмын деп жариялады. Бір азын-аулағы ғана болмаса, Германияда бейне социалистік, коммунистік шығармалар ретінде тарап жүрген шығармалардың бәрі осы лас, аздырғыш әдебиетке жатады.
2. Консерваторлық, немесе буржуазиялық, социализм
Буржуазияның белгілі бір бөлегі буржуазиялық қоғамның өмір сүруін баянды ету үшін қоғамдық дерттерді емдеп жазбақ болады.
Бұған жататындар — экономистер, филантроптар, адамгершілік үшін күресушілер, еңбекші таптардың игілігін ойлаушылар, қамқорлық ұйымдастырушылар, хайуанаттарға қамқорлық етуші қоғамдардың мүшелері, салауаттылық қоғамдарын құрушылар, мейлінше алуан түрлі майда-шүйде реформаторлар. Бұл буржуазиялық социализм тіпті бүтін бір жүйелерге айналдырылды.
Мысал ретінде Прудонның «Қайыршылық философиясын» келтірейік.
Социалист-буржуалар осы заманғы қоғамның өмір сүру жағдайларын сақтап қалғысы келеді, бірақ бұл жағдайлардан тумай қоймайтын күрес пен қауіп болмаса екен дейді. Олар осы заманғы қоғамды сақтап қалғысы келеді, алайда оны революцияшылдандыратын, аздыратын элементтер болмаса екен дейді. Олар пролетариатсыз буржуазия болғанын тілер еді. Буржуазияның үстемдігі жүріп тұрған дүние, әрине, буржуазияға барлық дүниелердің ішіндегі ең жақсысы болып көрінеді. Буржуазиялық социализм осы жұбаныш ұғымды азды-көпті біртұтас жүйеге айналдырып отыр. Ол пролетариатты өзінің осы жүйесін жүзеге асыруға және жаңа Иерусалимге кіруге шақыра отырып, шынында пролетариаттан осы күнгі қоғамда қалуды ғана, бірақ бұл қоғамды бір жексұрын нәрсе деп түсінуін қоюды талап етеді.
Бұл социализмнің онша жүйеге салынбаған, бірақ практикаға жақынырақ екінші формасы жұмысшы табын революциялық қозғалыстың бәріне теріс көзбен қаратуға тырысты, жұмысшы табына белгілі бір саяси өзгеріс емес, материалдық тұрмыс жағдайларын, экономикалық қатынастарды өзгерту ғана пайдалы болар деп дәлелдемек болды. Алайда бұл социализм материалдық тұрмыс жағдайларын өзгерту дегенді буржуазиялық өндірістік қатынастарды тек революциялық жолмен ғана жүзеге асырылатын құрту деп әсте түсінбейді, ол мұны осы өндірістік қатынастар негізінде жүзеге асырылатын, олай болса капитал мен жалдама еңбек арасындағы қатынастарда ешбір өзгеріс жасамайтын, мықтағанда — буржуазия үшін оның үстемдігінің артық жақтарын азайтатын және оның мемлекеттік шаруашылығын ықшамдайтын әкімшілік жолмен жақсарту шаралары деп қана түсінеді.
Буржуазиялық социализм жай шешендік сөздің ырғағына айналғанда ғана өзіне ең лайықты түрге кіреді.
Еркін сауда! — жұмысшы табының мүддесі үшін; қамқорлық баж салықтары! Жұмысшы табының мүддесі үшін; жекелеп қамайтын түрме! жұмысшы табының мүддесі үшін — міне, буржуазиялық социализмнің шындап ақтық айтқан бірден-бір сөзі осы.
Буржуазия социализмнің мәнін көрсететін дәл пайымдамасы мынау; буржуаның буржуа болуы — жұмысшы табының мүддесі үшін.
3. Сыншыл-утопиялық социализм мен коммунизм
Біз бұл жерде жаңа замандағы барлық ұлы революцияларда пролетариаттың талаптарын көрсеткен әдебиет туралы айтып отырғанымыз жоқ (Бабёфтің шығармалары, т.т.).
Жаппай ашыну кезінде, феодалдық қоғамды құлаткан дәуірде пролетариаттың өзінің таптық мүдделерін тікелей жүзеге асырмақ болған алғашқы әрекеттері күйреуге ұшырамай қоймады, мұның өзі пролетариаттың өзінін жетілмегендігі салдарынан болды, сонымен қатар оның азаттық алуына керекті материалдық жағдайлардың жоқтығы салдарынан болды, өйткені бұл жағдайлар буржуазиялық заманның ғана нәтижесі. Пролетариаттың осы алғашқы қозғалыстарымен қатарласа шыққан революциялық әдебиет, өзінің мазмұны жағынан, сөзсіз реакциялық әдебиет болып табылады. Бұл әдебиет жаппай аскетизм мен дөрекі теңбе-теңдікті уағыздайды.
Шынында социалистік және коммунистік системалар, Сен-Симонның, Фурьенің, Оуэннің және т.б. системалары, пролетариат пен буржуазия арасындағы күрестін, жоғарыда айтқанымыздай, дамымаған алғашқы дәуірінде шықты (қараңыз: «Буржуазия мен пролетариат»).
Рас, бұл системаларды ойлап шығарушылар таптардың қарама-қарсылығын да, сол сияқты үстем қоғамның өз ішіндегі қиратушы элементтердің қимылын да көреді. Бірақ олар пролетариаттың тарапынан болатын ешбір тарихи талпынысты, оның өзіне тән ешбір саяси қозғалысты көрмейді.
Таптық антагонизмнің дамуы өнеркәсіптің дамуымен қоян-қолтық қатар жүретіндіктен, олар дәл жаңағы сияқты, пролетариатты азат етудің материалдық жағдайларын әлі де таба алмайды, сондықтан осындай жағдайларды жасайтын әлеуметтік ғылымды, әлеуметтік заңдарды іздейді.
Қоғамдық істің орнын олардың кара бастарының тапқырлық ісі алуға тиіс, азаттықтың тарихи жағдайларының орнын қиялдан шыққан жағдайлар алуға тиіс, пролетариаттың тап болып бірте-бірте алға басып ұйымласуының орнын қоғамды олардың өздері ойлап шығарған ереже бойынша ұйымдастыру ісі алуға тиіс. Бүкіл дүниенің бұдан арғы тарихы, олардың түсінуінше, өздерінің қоғамдық жоспарларын насихаттау және практикада жүзеге асыру болып шығады.
Рас, олар өздерінің бұл жоспарларында, көбінесе, көбірек азап шеккен тап ретінде жұмысшы табының мүдделерін қорғайтындықтарын ұғынады. Олар пролетариатты нақ сол көбірек азап шеккен тап ретінде ғана біліп отыр.
Алайда тап күресінің жетілмеген формасы салдарынан, мұнымен қатар олардың өздерінің өмірдегі жағдайы салдарынан олар өздерін осы таптық антагонизмнен жоғары тұрмыз деп есептейді. Олар қоғамның барлық мүшелерінің, тіпті ең жақсы тұрмыстағыларының да жағдайын жақсартқысы келеді. Сондықтан олар ешқайсысын алаламай, үнемі бүкіл қоғамға, тіпті көбінесе үстем тапқа жүгінеді. Олардың ойынша, жұрт олардың системасын түсінсеақ болғаны, ол системаны болуы мүмкін қоғамдардың ішіндегі ең жақсы қоғамның ең жақсы жоспары деп танатын болады.
Сондықтан олар саяси қимыл атаулының бәрін, әсіресе революциялық қимыл атаулының бәрін теріске шығарады; олар өздерінің мақсаттарына бейбіт жолмен жеткісі келеді, сөйтіп ұсақ және, әрине, іске аспайтын тәжірибелермен, үлгі көрсетудің күшімен қогамдық жаңа інжілге жол ашпақ болады.
Болашақ қоғамды осылайша қиялмен суреттеушілік пролетарияттың әлі тым өсіп жетілмеген кезінде, сондықтан өзінің тұрмыс күйін әлі қиялды түрде ұғынатын кезінде туады; мұндай суреттеушілік пролетариаттың қоғамды тегісінен қайта құру қажеттігін алдын ала сезіп, бұған алғашқы рет ұмтылуынан туады.
Бірақ бұл социалистік және коммунистік шығармаларда сонымен қатар сын элементтері де бар. Бұл шығармалар өмір сүріп отырған қоғамның барлық негіздеріне шабуыл жасайды. Сондықтан олар жұмысшылардың білімін көтеруге өте бағалы материал берді. Олардың болашақ қогам жөніндегі дұрыс қорытындылары, мәселен, қала мен деревня арасындағы қарама-қарсылықты жою, семьяны, жеке байлықты, жалдама еңбекті құрту, қоғамның жарастылығын жариялау, мемлекетті өндірістің жай басқармасына айналдыру — осы қағидалардың бәрі тап қарама-қарсылығын жою қажет екенін ғана көрсетеді; бұл қарама-қарсылық тек жаңа ғана дами бастаған және оларға тек алғашқы тұрпатсыз түрінде ғана мәлім болған. Сондықтан бұл қағидалардың да әлі мүлде утопиялық сипаты бар.
Сыншыл-утопиялық социализм мен коммунизмнің маңызы тарихи дамуға кері қатынаста тұр. Таптар күресі дамып, неғұрлым айқын формаға түскен сайын сол таптар күресінен жоғары тұруға ұмтылған бұл қиялдағы талап, таптар күресін осындай қиялдағы жолмен жеңушілік өзінің бүкіл практикалық мәнінен, бүкіл теориялық дәлелінен айрылады. Сондықтан, бұл системаларды құрушылар көп реттерде революцияшыл болса да, олардың шәкірттері әрқашан реакцияшыл секталар құрайды. Олар пролетариаттың тарихи ілгері дамуына қарамастан, өз ұстаздарының ескі көзқарастарын мықты ұстанады. Сондықтан олар тағы да тап күресін бәсеңдетуге, қарама-қарсылықтарды ымыраластыруға дәйектілікпен тырысады. Олар әлі де болса тәжірибе арқылы өздерінің қоғамдық утопияларын жүзеге асыруды, жеке фаланстерлер құруды, ішкі колониялар [«Home-colonies»] орнатуды, кішкентай Икарияны — жаңа Иерусалимнің кішкене үлгісін — жасауды қиял етеді; сөйтіп осы қиял сарайларының бәрін салу үшін олар лажсыздан буржуазияның мейірімділігі мен ақша қапшықтарының филантропиясына қол артады. Олар жоғарыда суреттелген реакцияшыл немесе консерватор социалистердің қатарына біртіндеп құлдырайды, тек айырмасы — аналардан гөрі педантизмді көбірек қолданады, өздерінің әлеуметтік ғылымының кереметтік күшіне фанатикше нанады.
Міне, сондықтан олар жұмысшылардың саяси қозғалысы атаулыға аласұрып қарсы шығады; олардың ойынша, бұл қозғалыс жаңа інжілге құр босқа сенбестіктен туады.
Англиядағы оуэнистер мен Франциядағы фурьеристер — біріншілері чартистерге, екіншілері реформистерге қарсы шығады.
Ⅳ. Коммунистердің әртүрлі оппозициялық партияларға көзқарасы
Коммунистердің қазірдің өзінде қалыптасып болған жұмысшы партияларына қалай қарайтыны, яғни олардың Англиядағы чартистерге, Солтүстік Америкадағы аграрлық реформаны жақтаушыларға қалай қарайтыны Ⅱ бөлімде айтылғандардан кейін түсінікті.
Коммунистер жұмысшы табының ең таяудағы мақсаттары мен мүдделері үшін күреседі, бірақ сонымен қатар олар бүгінгі күннің қозғалысында сол қозғалыстың келешегін де жақтайды. Францияда, консерватор және радикал буржуазияға қарсы күресте, коммунистер социалистік-демократиялық партияға қосылады, алайда коммунистер революциялық дәстүрден туатын жел сөздер мен жалған үмітке сын көзімен қарау правосынан бас тартпайды.
Швейцарияда коммунистер радикалдарды қолдайды, алайда бұл партияның қайшылықты элементтерден, бірқатары француз стиліндегі демократияшыл социалистерден, бірқатары радикал буржуалардан құралғандығын естен шығармайды.
Поляктар арасында коммунистер аграрлық революцияны ұлт азаттығының шарты етіп қойып отырған партияны, 1846 жылғы Краков көтерілісін туғызған партияны қолдайды.
Германияда, буржуазия революциялық қимыл көрсетіп отырғандықтан, коммунистік партия буржуазиямен бірге абсалюттік монархияға, феодалдық жер меншігіне және реакцияшыл мещандыққа қарсы күреседі.
Бірақ коммунистік партия буржуазия мен пролетариат арасындағы дұшпандық қарама-қарсылықты жұмысшыларға мүмкіндігінше жете ұғындырудан бір минут та тоқталмайды; бұлай ету неміс жұмысшылары буржуазия үстемдігінен тууға тиісті қоғамдық, саяси жағдайларды дереу буржуазияның өзіне қарсы қару ретінде паңдалана алатын болуы үшін керек, Германиядағы реакцияшыл таптар құлатылған соң дереу буржуазияның өзіне қарсы күрес басталуы үшін керек.
Германияға коммунистер баса көңіл бөлуде, себебі — Германия буржуазиялық революцияның қарсаңында тұр, себебі — ол бұл төңкерісті жалпы алғанда европалық цивилизацияның неғұрлым прогресті жағдайында, ⅩⅦ ғасырдағы Англиядағыға, ⅩⅧ ғасырдағы Франциядағыға қарағанда да анағұрлым көбірек дамыған пролетариаты бар жағдайда жасағалы отыр. Олай болса, немістің буржуазиялық революциясы пролетарлық революцияның тікелей беташары бола алады.
Қысқасы, коммунистер қай жерде болса да, қазіргі өмір сүріп отырған қоғамдық және саяси құрылысқа қарсы бағытталған революциялық қозғалыс атаулыны қолдайды.
Осы қозғалыстардың бәрінде де олар бірінші орынға, қозғалыстың негізгі мәселесі ретінде, меншік туралы мәселені қояды, бұл мәселенің азды-көпті дамыған форма алған-алмағандығына қарамайды.
Ақырында, коммунистер қай жерде болса да барлық елдердің демократиялық партияларын біріктіруге, келістіруге үмтылады.
Коммунистер өздерінің көзқарастары мен ниеттерін жасыруды жексүрын іс деп санайды. Олар өздерінің мақсаттарына бүкіл осы күнгі қоғамдық құрылысты күшпен құлату арқылы ғана жете алатындығын ашық мәлімдейді. Үстем таптар Коммунистік Революциядан қорқып қалтырай берсін. Пролетарлар бұл революцияда өздерінің бұғауларынан басқа ещтеңе де жоғалтпайды. Ал олар бүкіл дүниеге ие болады.
Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!